КИнЭУ-дың топырақ-агрохимиялық зертханасы қайта аттестациядан сәтті өтті

28 января, 2026
AgroKaz

М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті, Қостанай, Қазақстан

М. Дулаов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің топырақ-агрохимиялық зертханасы өлшеулердің жай-күйін қайта бағалаудан (аттестациядан) сәтті өтті, бұл «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ берген №001794 куәлігімен расталады.


Куәлік 2025 жылғы 23 желтоқсанда беріліп, 2028 жылғы 25 желтоқсанға дейін жарамды. Аттестация 2025 жылғы 1 желтоқсандағы №68 бұйрықпен тағайындалған комиссияның тексеру, өлшеу нәтижелері мен қорытындысы негізінде жүргізілді.


Бағалау барысында зертхананың бекітілген қызмет саласы шеңберінде өлшеулерді (сынақтарды) орындау үшін қажетті жағдайлардың, жабдықтардың және құзыреттердің бар екендігі расталды. Атап айтқанда, зертхана топырақты келесі көрсеткіштер бойынша зерттеуге құқылы: органикалық заттар, тұзды және су сығындысының pH көрсеткіші, күкірт, фосфор мен калийдің жылжымалы қосылыстары, жалпы азот, нитраттар, сульфаттар.


Қайта аттестациядан сәтті өту зертхана мамандарының жоғары кәсіби деңгейін, қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестігін растап, агрохимиялық зерттеулер саласында ғылыми-зерттеу және қолданбалы қызметті жоғары сапалы деңгейде жалғастыруға мүмкіндік береді.

Leave a comment